МӘДЕНИЕТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: turantv.kz
Түркістанда "Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы: гуманистік бағыт-бағдар мен заманауи сын-қатерлер" атты халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. Ауқымды шараның ашылу салтанатына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Айта кетейік, бұл симпозиум Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Президент Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында:
"Қожа Ахмет Ясауи мұраларын терең зерделеп, дәріптеуге де айрықша назар аударған жөн. Бұл мәселе бойынша ең әуелі өз еліміздің және шетелдің ғалымдарын шақырып, арнайы симпозиум өткізу қажет" – деп атап өткен еді.
Ерлан Қарин симпозиумға қатысушыларға арналған Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді. Өз сөзінде Мемлекеттік кеңесші бұл ғылыми жиын Ясауидің гуманистік идеяларын терең зерттеп, оның рухани және зияткерлік мұрасын кеңінен насихаттауға тың серпін беретінін айтты.
Симпозиум аясында әлемнің әр түкпірінен – Әзербайжан, Германия, Үндістан, Иран, Италия, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Жапониядан келген жүзге жуық белгілі ғалым бас қосты. Олар симпозиум барысында Ясауи мұрасының әртүрлі қырларына арналған баяндамалар жасап, ғылыми пікірталастарға қатысады. Сондай-ақ ғалымдар өзара тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылайды.