МӘДЕНИЕТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Ашық дереккөзден
Танымал режиссер Ермек Тұрсынов мамыр айына жоспарланған екі кездесудің өтпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
22 мамырда Алматы театрында Тұрсынов пен әзілкеш Нұрлан Сабуровтың қатысуымен өтетін «Диалог» кеші, сондай-ақ 31 мамырда композитор Еркеш Шәкеевпен бірлесіп ұйымдастырылуы тиіс концерт тоқтатылған. Айта кетейік, соңғы шара саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған еді.
Тұрсыновтың айтуынша, қос іс-шараны да театр әкімшілігі еш түсініктемесіз біржақты шешіммен тоқтатқан.
"22 мамырдағы кездесудің не себепті өтпейтіні туралы театр тарапынан ешбір түсініктеме берілген жоқ. Ал 31 мамырдағы концертке қатысты ресми хат жолданып, техникалық себептерге байланысты өтпейтіні айтылды. Бұл жағдайға қатысты кейінірек пікір білдіремін. Қазірше көрермендерімнен кешірім сұраймын", – деп жазды режиссер.
Композитор Еркеш Шәкеев те 31 мамырда өтетін концерттің болмайтынын растады. Оның айтуынша, билеттер сатылып жатқан FreedomTicketon платформасы сатылымды алдын ала ескертусіз тоқтатқан. Ал Almaty Theatre алаңды жалға беруге келісімшарт жасалып, төлем алдын ала жасалғанына қарамастан, шараны өткізбеуге ауызша тыйым салған.
Шәкеевтің сөзіне сенсек, күтпеген жерден Алматы қалалық Мәдениет басқармасы тарапынан ұйымдастырушыларға шағым түскен. Басқарма өкілдері концерт жайлы өздеріне ескертілмегенін алға тартқан.