ҚОҒАМ

Жамбыл облысында 11,7 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: AP Photo

Жамбыл облысында пайдаланылмай жатқан 11,7 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Жергілікті биліктің мәліметінше, қайтарылған жайылымдық жерлер ауылдық округтерге мал жаю мақсатында бөлініп беріледі. Ал қалған алқаптар конкурс арқылы айналымға қосылады.

2025 жылдың бірінші тоқсанында ұйымдастырылған бес конкурстың нәтижесінде 12 мың гектар ауыл шаруашылығы жері шаруашылық айналымына тартылған. Сонымен қатар, елді мекендерге қосылған босалқы жерлердің көлемі 378 мың гектарды құрап отыр. Осылайша, елді мекендердің жалпы жер көлемі 363 мыңнан 741 мың гектарға дейін ұлғайды. 2025 жылы тағы 20 мың гектар жер қосу жоспарда бар.

Қазіргі уақытта 41 елді мекеннің 17-сінде жайылым тапшылығы мәселесі толық шешімін тапқан. Тағы 9 елді мекенде бұл мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп күтілуде. Алайда халық тығыз орналасқан және қалаларға жақын орналасқан 15 елді мекенде жайылым тапшылығы мәселесін толықтай шешу мүмкін болмай отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, "Жайылымдар туралы" заң талаптарына сәйкес, облыстағы барлық аудандарда жайылымдарды тиімді басқару және пайдалану жөніндегі бес жылдық жоспарлар қайта бекітілуде. Қазіргі таңда Талас, Жамбыл, Меркі және Сарысу аудандары бойынша бұл жоспарлар күшіне енген.