БІЛІМ

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда 362 медаль жеңіп алды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі

Биылғы оқу жылында дарынды қазақстандық оқушылар халықаралық білім сайыстарында зор жетістікке қол жеткізді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олар барлығы 362 медаль, оның ішінде 41 алтын иеленді. Әрбір екінші қатысушы елге жүлдемен оралған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлдемен оралған.

Әлемдік және Азия деңгейіндегі олимпиадаларда қазақстандық оқушылар ерекше білімімен, зеректігімен көзге түсті. Оның ішінде мына жетістіктерді ерекше атап көрсетуге болады:

Маңғыстау облысынан Рамазан Бутантаев – Азия-Тынық мұхиты аймағының "ең мықты лингвисі" деп танылды;

Елордалық 10-сынып оқушысы Нұргүл Егенбергенова Азия физика олимпиадасында "ең үздік қатысушы" атанды;

Шығыс Қазақстан өңірінің оқушысы Алдияр Амангелді Орталық Азияның "ең үздік информатигі" мәртебесіне ие болды;

Маңғыстау облысынан Мендіғали Қалдыбай химия пәні бойынша зертханалық жұмыстан 40 елдің қатысушылары арасында ең жоғары нәтиже көрсетіп, "Ең үздік практик" атанды.

Бұдан бөлек, қазақстандық оқушылар химия пәнінен әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиадада екі мәрте чемпион атанды және First Global Challenge робототехника чемпионатында үш дүркін әлем чемпионы болды.

2024 жылы беделді халықаралық жарыстарда үздік нәтиже көрсеткен 26 оқушыға 77,5 млн теңге және оларды дайындаған 24 мұғалімге 6,4 млн теңге сыйақы берілді. Олимпиаданың алтын жүлдегерлері 1500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), күміс медаль иегерлері – 1000 АЕК, ал қола медаль иегерлері 500 АЕК көлемінде сыйақы алды.