ҚОҒАМ

Қазақстанда мектеп пен балабақша күзетіне қойылатын бірыңғай талаптар бекітілді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: kstnews.kz

Қазақстанда білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін күшейту мақсатында мектептер мен балабақшаларды күзетуге арналған бірыңғай талаптар енгізілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Оның айтуынша, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін штаттағы мамандар немесе арнайы лицензиясы бар күзет агенттіктері қамтамасыз етеді. Осыған байланысты үлгілік конкурстық құжаттама әзірленіп, онда күзет қызметін ұсынатын ұйымдарға қойылатын нақты талаптар мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігі, техникалық жарақтандырылу деңгейі көрсетілген.

Күзет ұйымдарына қойылатын негізгі талаптар:

Қызметкердің жасы 25 пен 50 жас аралығында болуы тиіс;

Арнайы кәсіби даярлықтан өтуі қажет;

Қару алып жүруге және қолдануға рұқсат беретін лицензия болуы міндетті;

Соттылығы болмауы керек;

Жеке кеңсе орынжайы болуы шарт;

Екі немесе одан да көп жедел әрекет ету тобы болуы тиіс.

Бүгінде еліміз бойынша 6 900-ден астам білім беру мекемесі лицензияланған күзетпен қамтылған.

Сонымен қатар 2022 жылдан бері 20 мыңнан аса оқу орнында 220 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Бұл құрылғылар жазбаларды 30 тәулікке дейін сақтап, деректер тікелей полицияның жедел басқару орталықтарына жолданады.

Ермек Көшербаевтың мәліметінше, қазіргі таңда кейбір білім беру ұйымдарына жасанды интеллект технологиясы енгізіліп жатыр. Бұл жүйе буллинг (қорлау, қудалау) деректерін автоматты түрде анықтап, қауіп туындаған жағдайда мектеп әкімшілігіне дереу ескерту жібереді. Жүйе тек мектеп ішінде ғана емес, оның маңайында да қауіп белгілерін анықтай алады.