ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: instagram.com/@Анвар Шалекенов
Мысырдағы Шарм-эль-Шейх әуежайында қайғылы оқиға орын алды. БАҚ таратқан ақпаратқа сәйкес, Астанаға DV5270 рейсімен ұшуға дайындалып жатқан кезде екі әйелдің үстіне жарнамалық тақта құлаған. Ауыр жарақат алған әйелдердің бірі сол жерде көз жұмса, екіншісі түрлі жарақат салдарынан ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Bugin.kz прталы.
Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдірді.
"Кеше Шарм-эль-Шейх әуежайының ұшу аймағында рейске отырғызуды күтіп отырған жолаушыларға жарнамалық құрылым құлады. Апат салдарынан Қазақстан азаматшасы көз жұмып, тағы екі жерлесіміз жеңіл жарақат алды", — деді Смадияров.
Оның айтуынша, марқұмның туыстарымен байланыс орнатылып, консул барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Ал жеңіл жарақат алған әйелдерге медициналық көмек көрсетілген.
"Мысыр тарапы Қазақстан халқына шынайы көңіл айтып отыр. Елдің азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алып, оқиға орнына арнайы комиссия жіберді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазақстанның Мысырдағы елшілігі жағдайды ерекше бақылауға алған", — деп атап өтті СІМ өкілі.
Кейінірек оқыс оқиғада көз жұмған әйелдің есімі де белгілі болды. Ол — ішкі істер органдарының ардагері, Астанада тұратын Ақмарал Мұқанова.
"Ақмарал апа, сенің бұл өмірден кеткеніңе сене алар емеспін. Египетте қаза тапқан — менің анамның жақын құрбысы, менің кіндік шешем еді. Бұл жаңалықты бәріңіз естіген боларсыздар", — деп жазды журналист Анвар Шалекенов өзінің Instagram парақшасындағы сторисінде.
КазТАГ агенттігіне берген пікірінде ол Мұқанованың ұзақ жылдар бойы полицияда қызмет еткенін, кейін зейнетке шығып, Астанада өмір сүріп жатқанын айтты.
"Ол өте мейірімді, жүрегі кең адам еді", — деді Шалекенов.