САЯСАТ

Санкт-Петербургте қазақстандық студент екі айға қамауға алынды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Курсив медиа

Санкт-Петербург қалалық соты 23 жастағы Қазақстан азаматы Гарри Азарянды 14 шілдеге дейін қамауға алу туралы шешім шығарды. Ресейлік ақпарат құралдарының хабарлауынша, оған терроризмді насихаттады және жария түрде ақтады деген айып тағылған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бұл қылмыстық іс ресейлік Telegram-арналарда "троцкишілер ісі" деп аталып жүр. Тергеу барысында Азаряннан бөлек тағы алты студент ұсталған.

Гарри Азарян сотта кінәсін мойындамай, өз ісіне қатысты барлық жайтты ашық түсіндіруге дайын екенін жеткізді.

"Мен өзімді кінәлі деп санамаймын, керісінше, кінәсіз екенімді дәлелдеуге дайынмын. Тергеуге кедергі келтіру ниетім жоқ. Қоғамға қауіп төндіріп отырмын деп ойламаймын. Тұратын жерім – бейнебақылау мен өткізу жүйесімен жабдықталған жатақхана", – деген ол.

"Ротонда" Telegram арнасының мәліметінше, Гарри – Қазақстан азаматы, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің магистратурасында саясаттану мамандығы бойынша білім алып жүр. Ол Петергофтағы жатақханада тұрып, бос уақытында “Ихи-Охи” деп аталатын би клубын жүргізеді. Клуб атауы шотланд тілінен “Мұнда да емес, онда да емес” деп аударылады.