ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: inbusiness
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша күдіктілердің тергеу изоляторында туған күн атап өткені туралы жағдайға пікір білдірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
“Шерзат Б.-ға байланысты істегі күдіктілердің қамауда ұсталуы жөнінде келіп түскен өтініш негізінде қызметтік тексеру жүргізілді. Нәтижесінде алты қызметкердің кінәсі дәлелденіп, олар тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, — деді министр Мәжіліс депутаты Мәксат Толықбайдың ресми сауалына жауап бере отырып.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Болаттың ісі бойынша уақытша ұстау изоляторында отырған күдіктілердің әлеуметтік желіде резонанс тудырған видеосынан кейін тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 16 қызметкер жұмысынан босатылды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеру жүргізілген.
"Видеоны уақытша ұстау изоляторының бұрынғы қызметкері түсіргені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, жұмыстан қуылды",— делінген хабарламада.
Сонымен қатар аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және тиісінше бақылау жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер лауазымнан босатылуға дейін қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде УҰИ басшысы да лауазымнан босатылды",— деп атап өтті министрлік.
Аталған жағдайдан кейін билік УҰИ-дегі бақылауды күшейтіп, бейнемониторинг енгізді.
Еске салайық, 4 қазанда Талғарда жаппай төбелес салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қаза тапты.
Алматы облысының полиция департаменті Шерзаттың өліміне қатысы бар деген күдікпен 11 адамды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды.
Көп ұзамай, 9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың мәйіті табылды. Полиция оның суицид жасағанын мәлімдеп, дәлел ретінде туыстарына қалдырған қоштасу хатын көрсетті. Онда Нұрқанат бауырының жанына жерлеуді өтінген.
Сот-медициналық сараптама оның өлімін асылу салдарынан болған механикалық асфиксия деп көрсетті.
10 желтоқсанда Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ұлы мен бауырының өліміне байланысты БАҚ өкілдерімен кездесуді талап етіп, наразылық білдіруге шықты. Алайда көп ұзамай полиция оны ұстады.
Полиция департаментінің хабарлауынша, Нұрымов заңды талаптарды орындамай, агрессивті әрекеттер көрсеткен, өзін-өзі өлтіремін деп қорқытып, полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасаған.
Бұл әрекеттер оның айналасындағыларға қауіп төндірген. Нәтижесінде Шерзат Болаттың әкесі мен әпкесі қамауға алынды.
Олар 15 тәуліктен кейін босап шықты. Ал қаңтар айында бір топ бұзақының қолынан қаза тапқан 16 жастағы Шерзат Болаттың ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды.