МӘДЕНИЕТ

“Астанада бір жапырақ алғыс хатқа жарымадық”. Мұхамедқызы Қытайда профессор атанды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: әлеуметтік желісінен

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні мерекесінде қазақстандық опера әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы Қытайдың Сиань консерваториясынан профессор атағын иеленді. Бұл қуанышты жаңалығын әнші әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Сиань консерваториясы – 6000-нан астам студентті даярлайтын Қытайдағы жетекші музыкалық оқу орындарының бірі.

"Консерваторияға түсу бақыты – сол адамның маңдайына қонатын бақ. Әсіресе, бұл білім ордасында профессор болу деген — сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 11 жыл бұрын Қырғыз ұлттық консерваториясының профессоры атанғанмын. Ал біздің Астанадағы "Шабыт" ұлттық консерваториясында қанша жыл жұмыс істеп, шәкірттерім халықаралық конкурстарда 1-орын алса да, бір жапырақ алғыс хатқа жарымадық. Бірақ, шүкір! Халықтың махаббатынан артық не керек деп жүре бердік”, – дейді әнші.

Майра Мұхамедқызы ендігі жерде Сиань қаласына жылына кемінде екі рет барып, шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, әр сағаттық сабағының құны да айтарлықтай жоғары.

Сонымен қатар ол Шымкент опера театрының әлемдік деңгейге шығуына қосқан үлесін атап өтіп, таяуда бірнеше театрмен меморандумға отырғанын жеткізді. Болашақта талантты жастарға Сиань қаласындағы оқу орнына түсуге қолдау көрсетуге дайын екенін де айтты.

“Алла қаласа, жақсы күндер әлі алда. Абырой биігінен түсірмесін”, – деп түйіндеді әнші.