САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Orda.kz
21 сәуірде Шымкенттегі әкімдік маңында болған қарулы шабуылдан кейін көпшіліктің назарында жүрген оқиғаға қатысты күдіктінің жұбайы Луиза Алданова алғаш рет пікір білдірді. Ол әлеуметтік желі арқылы үндеу жасап, орын алған жағдайды отбасына түскен ауыр сынақ ретінде сипаттады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Алданова жұртшылыққа қиын сәтте көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдіріп, бір айдың өзі үшін де, жақындары үшін де оңай болмағанын атап өтті.
“Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз", – деді ол.
Ол жолдасының әрекетіне қатысты да пікір білдірді.
“Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен...
Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде, тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін”, – деді ол.
Сондай-ақ Луиза Алданова бастапқыда әлеуметтік желіде тараған, оқиғаға өзінің қатысы бар деген алыпқашпа әңгімелерді жоққа шығарды.
“Осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық”, – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының маңында белгісіз азамат Руслан Берденовке оқ атып, шенеунік жарақат алды. Кейін күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі Руслан Берденовке ота жасалғанын және қазіргі жағдайы тұрақты екенін хабарлады.