САЯСАТ

Байбек пен оның туыстарына қатысты қылмыстық іс қозғалғаны рас па? ҚМА жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Тұрар Қазанғапов/tengrinews.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбек пен оның туыстарына қатысты қылмыстық іс қозғалды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

“Бізде Бауыржан Байбекке де, оның әкесіне де қатысты тіркелген қылмыстық іс жоқ. Қоспаевқа қатысты іс бойынша сот үкімі шығарылған. Сонымен қатар бұл іспен байланысты бірқатар эпизод жеке өндіріске бөлінген. Қазір сол эпизодтар аясында кейбір тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс”, – деді Елемесов журналистердің сауалына жауап беріп.

Агенттік өкілінің сөзінше, жеке өндіріске бөлінген істе құрылыс саласындағы шешімдерге ықпал еткен лауазымды тұлғалар мен қылмыстық топқа көмектесіп, активтерді жасыруға қатысқан белгісіз адамдардың әрекеті тергеліп жатыр.

Еске салсақ, 2018–2022 жылдары аралығында Қуат Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы AV-Construction компаниясының бақылауын заңсыз қолға алып, Esentai City кешеніндегі 133 пәтер мен коммерциялық нысандарды өз адамдарына, туыстарына және байланысты тұлғаларға нарықтан әлдеқайда арзан бағамен сатып жіберген. Тергеу бұл әрекеттердің салдарынан компания 4,6 миллиард теңге шығынға ұшырағанын анықтаған.

Бұған дейін бұл нысандарды иеленген тұлғалардың қатарында Назарбаевтар отбасыныңмүшелері мен Бауыржан Байбектің әкесі де бар деген дерек тараған еді.