САЯСАТ

ҚМА Нұрлан Ниғматулиннің ұлына қатысты жаңа мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: КазТаг

Мәжілістің экс-спикері Нұрлан Ниғматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты тергеліп жатқан іс бойынша халықаралық тергеу тапсырмасы жіберілген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

“Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті рейдерлік фактісі бойынша қылмыстық істі қарап жатыр. Тергеу жалғасуда. Осы іс аясында шетелдік серіктестерге сұрау салдық. Қазіргі таңда ешкімге күдікті ретінде ресми мәртебе берілген жоқ”, – деді ол. 

Елемесовтің айтуынша, Нұрланов тергеу аясында тек куә ретінде қаралып отыр. Қылмыстық іс бойынша нақты деректер мен қосымша дәлелдер анықталған жағдайда ғана оның әрекетіне құқықтық баға берілмек.

“Маған белгілісі, ол қазір Қазақстаннан тыс жерде жүр. Іс бойынша мән-жайлар толық анықталған соң ғана нақты шешімдер қабылданады”, – деді агенттік өкілі.

Айта кетейік, Нұржан Нұрланов — еліміздің саяси элитасына жақсы таныс тұлға. Ол — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлы.

Нұрлановтың мансабы көбіне квазимемлекеттік сектормен байланысты. 2019 жылдың ақпанынан бастап Қаңтар оқиғаларына дейін ол «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Оған дейін, 2018 жылы, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма құрамына кіріп, ықпалды құрылымда шешім қабылдаушы тұлғалардың бірі болды. Сонымен қатар, ол өзге де мемлекеттік және ұлттық компанияларда түрлі жауапты лауазымдарды иеленген.