МӘДЕНИЕТ

Құрбан айттың уақыты белгілі болды — Мүфтият мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: pixabay.com

Бүгін һижри жыл санауы бойынша зул-хижжа айы басталды. Соған сәйкес, Арапа күні – 5 маусым, ал Құрбан айттың бірінші күні – 6 маусымға сәйкес келеді. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

ҚМДБ түсіндіруінше, қасиетті күндер мен айлар қамари (ай) жыл санағы бойынша есептеледі. 

“Жаңа айдың (һиләлдың) көрінуімен жаңа ай басталады. Қамари ай кейде 29 не 30 күн болады.

Зулхижжа айын анықтау үшін зул-қағда айының 29-нда айды бақылайды. Күн батқан кезде жаңа ай көрінсе, келесі күні зул-хижжа айы басталған болып саналады. Егер ауа бұлтты болып, ай көрінбесе, зул-қағда айын 30 күнге толықтырады. Осыған орай, 2025 жылы 27 мамырда жаңа айдың көрінуіне байланысты биыл зұлхижжа айы 28 мамырда басталып, арапа 5 маусымға, ал құрбан айт 6 маусымға сай келеді”, — делінген мәлімдемеде. 

Діни басқарма зул-хижжа айының алғашқы он күнінде көбірек құлшылық жасап, ізгі істерге ден қоюды ұсынады. 

“Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған.

Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», – деген.

Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбандық шалу – міндет. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят) деп бұйырған.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей. Ізгі ниетпен шалатын құрбандығымыз, қажылық сапарында жүрген отандастырымыздың қажылығы қабыл болғай. Әмин!”, — деп жазды Мүфтият.