САЯСАТ

Қазақстандықтар мұнайдан түсетін табысқа тәуелді болмауы тиіс – Тимур Сүлейменов

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: ratel.kz/Анар БЕКБАСОВА 

Қазақстандықтар мұнайдан түсетін табысқа тәуелді болмауы тиіс. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Астана халықаралық форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

"Иә, бізде Ұлттық қор бар, мемлекеттік резервтер де жетерлік. Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда жағдайымыз жақсы. Бірақ бұл тұрақтылықтың мәңгі еместігін естен шығармаған жөн. Елестетіңізші, мұнайымыз да, Ұлттық қорымыз да жоқ. Біз дәл осы сценарийге дайын болуымыз керек. Себебі нағыз тұрақтылық — ресурсқа емес, жүйеге сүйенген кезде қалыптасады", – деді ол форум барысында.

Сүлейменовтің пайымынша, ел экономикасы жер асты байлықтарына қатты тәуелді.

"Табиғи ресурстар – біздің басты артықшылығымыз. Мұнай мен металл қорлары бізге үлкен мүмкіндік береді. Алайда көрші елдерде ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті олар фискалдық және инфрақұрылымдық саясаттарын басқа негізде құрып жатыр. Біз де осы бағытта ойлана бастауымыз керек", – деді ол.

Ұлттық банк төрағасы экономиканы мұнай табысы есебінен қаржыландыруды қауіпті тәуелділікпен салыстырды.

"Шетелдік активтерге мол қаржы салдық. Бірақ неге сол ақшаны өз еліміздің дамуына бағыттамасқа? Ұлттық жобаларды іске асыру – құптарлық іс. Алайда егер оларды тек мемлекеттік инвестициялармен ғана "қоректендірсек", бұл экономиканы "инъекцияға" тәуелді етіп қояды. Бұл – ұзақмерзімді стратегия емес", – деді Сүлейменов.

Ол мұндай тәуелділікті допингке үйреніп қалған спортшының жағдайына теңеді:

"Стероидты үнемі пайдаланған спортшы бір күні одан айырылса, денсаулығы сыр береді. Дәл сол сияқты, мұнай кірісі азайғанда біз де күйреп қалмауымыз керек. Сол үшін экономикамызды осы бастан әртараптандыру қажет", – деп түсіндірді ол.

Сүлейменов Қазақстан Ұлттық қорындағы қаражаттың әлі жұмсалып бітпегенін атап өтті. Бірақ ол қорды бар деп арқаны кеңге салуға болмайтынын жеткізді. 

"Біз Ұлттық қор жоқ сияқты өмір сүріп үйренуіміз керек", – деді Ұлттық банк басшысы.

Ол мысал ретінде көрші Өзбекстан мен Қырғызстанды келтіріп, бұл елдердің халқы мұндай қорсыз өмір сүріп жатқанын айтты.

"Мұнай дәуірі аяқталса да, біз жаңа жағдайға бейімделсек – ертеңіміз жарқын болады. Өзімізге сеніп, ішкі мүмкіндіктерімізді дамыту – басты міндет", – деді Сүлейменов.