САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Ақорда
Астанада өтіп жатқан "Орталық Азия – Италия" алғашқы саммитінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияның Қазақстан үшін маңызды экономикалық серіктес екенін атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Президенттің айтуынша, 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 24 пайызға өсіп, 20 миллиард АҚШ долларына жетіп, рекорд жаңартқан. Сонымен қатар кейінгі жылдары Қазақстан экономикасына тартылған итальян инвестициясының көлемі 7,6 миллиард долларға жеткен.
"Қазақстанда итальян капиталы қатысатын шамамен 270 компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олар мұнай-газ, баламалы энергетика, машина жасау және ауыл шаруашылығы сияқты салалардың дамуына елеулі үлес қосуда", – дейді Тоқаев.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық әріптестік тұрақты даму үстінде.
"Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Премьер-министр Джорджа Мелони ханымға Қазақстан бастамаларын әрдайым қолдап келе жатқаны және елдеріміз арасындағы қатынастарды нығайтуға бағытталған маңызды жоспарлары үшін шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан екіжақты күн тәртібі аясында да, өңірлік форматта да өзара қызығушылық туғызатын барлық бағыттар бойынша Италиямен жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Осыған байланысты өзара іс-қимылымыздың перспективалық бағыттарына тоқтала кеткім келеді", – дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Тоқаев сауда-экономикалық байланысты тереңдету керегін айтады.
"Әлемнің жетекші экономикалық орталықтары арасындағы тарифтік текетірестер барлық елдер үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда бізге бұрыннан қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау ғана емес, оларды нығайту үшін де күш біріктіру аса маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, әсіресе жоғары қосылған құны бар шикізаттық емес өнімдер бағытында кеңейтуге ерекше назар аударуға болады", – дейді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Италияға құны 1 миллиард доллар көлеміндегі 100-ден астам тауар түрін экспорттауға дайын екенін жеткізді.