ҚОҒАМ

“21 миллиард теңгеден астам шығын келген”. Алматы облысында қаржы пирамидасы әшкереленді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: canva.com

Алматы облысында қаржы мониторингі агенттігі “Amanat Drive” деп аталатын қаржы пирамидасының заңсыз әрекетін әшкереледі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Жоба ұйымдастырушылары азаматтарға жылжымайтын мүлік пен автокөлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы иеленуге мүмкіндік береміз деп уәде еткен. Алайда бұл міндеттемелердің басым бөлігі орындалмаған, ал мүліктер туыстары мен жақындарының атына рәсімделіп келген.

Ресми мәліметке сәйкес, пирамида қызметіне 8 мыңнан астам адам тартылып, салымшылардың жалпы шығыны 21 миллиард теңгеден асып кеткен.

Қаржылық қылмысты жасыру үшін ұйымдастырушылар бірнеше деңгейлі алаяқтық схема құрған. Олар “Алло, не керек”, “i-m@rketing”, “Gold SapaPremium” сынды өздеріне тиесілі компанияларды жалған жеткізуші ретінде көрсетіп, жарнама, талдау мен болжау қызметтерін көрсеткен болып көрінген.

Осындай жалған шарттардың негізінде 1,8 миллиард теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, сырт елдерге шығарылған. Тергеу барысында бұл қаражатқа астанадан бірнеше пәтер, жеке тұрғын үйлер және HUMMER H2 мен Lexus LX570 сияқты қымбат автокөліктер сатып алынғаны анықталды. Барлық мүлік үшінші тұлғалардың атына рәсімделіп, жасыру әрекеті жасалған.

Қазіргі таңда соттың санкциясымен күдіктінің мүлкі мен кооператив шоттарына тыйым салынды. Қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынып, тергеу амалдары жалғасуда.