САЯСАТ

Алаяқтық үшін айыпталған экс-судья Жолманова 7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: instagram.com/zholmanova.svetlana

Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты алаяқтық дерегі бойынша өтіп жатқан сот процесінде жарыссөз кезеңі өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сот Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотында өтуде. Жолмановаға жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық қаржыны заңсыз иемденді деген айып тағылған. Іс материалдары бойынша бұрынғы судья тендерлік келісімдер мен жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерде "көмек көрсетуге уәде беріп", түрлі адамдардан ақша алған. Сонымен қатар ол экс-әкімнің әйелімен байланысы барын айтып, сол арқылы сенімге кіріп, қаражат жинаған. Қызметінен кеткеннен кейін де өзін судья ретінде таныстырып, ақша бопсалауын жалғастырған. Қазіргі таңда оның ісінде 48 эпизод тіркелген, жәбірленушілер арасында қызметтегі судьялар да бар.

Іспен бірге бұрынғы полиция қызметкері Данияр Құшалиев те айыпталып отыр. БАҚ мәліметінше, ол осыған дейін пара алу фактісімен ұсталған.

Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Светлана Жолманованы 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Айта кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Медеу аудандық сотының судьясы ретінде қызмет атқарған Светлана Жолманова алаяқтық күдігіне ілініп, кейін оның қызметтік кабинетіне тінту жүргізіліп, 10 мың АҚШ доллары тәркіленген болатын. Ол бірқатар сот шешімдерін белгілі бір тұлғалардың мүддесіне шешуге ықпал еткен деген күдікке ілінді. Осы оқиғадан кейін, 29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен оның судья ретіндегі өкілеттігі тоқтатылған.