ҚОҒАМ

Ақтөбе облысында жалған блогер төрт адамды алдап, 10 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Pixabay / 4711018 

Ақтөбе облысында өзін блогер ретінде таныстырып, бірнеше тұрғынды алдап кеткен 35 жастағы азамат қамауға алынды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Мұғалжар аудандық полиция бөліміне алаяқтыққа ұшыраған бірнеше тұрғын арызданған. Тексеру барысында күдіктінің 2024 жылдың соңында түрлі уәделер арқылы төрт азаматты алдап, ірі көлемде ақша алғаны анықталды.

Күдікті жәбірленушілердің біріне балабақшаға жұмысқа орналастыруды, екіншісіне жүргізуші куәлігін алып беруді уәде еткен. Сонымен қатар, тендерден “жеңіп шығуға көмектесемін” деп тағы екі адамды сендіріп, олардың да қаражатын иемденген. Жәбірленушілерге келген жалпы шығын 10 миллион теңгеден асқан.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция қызметкерлері осы азаматтың заңсыз әрекеттерінен жапа шеккен өзге де тұрғындардан Мұғалжар аудандық полиция бөліміне хабарласуды сұрайды.