ҚОҒАМ

“Кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі күшейтілуі тиіс”. Бектенов министрлерге тапсырма берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: : akorda.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Оның айтуынша, бұл бағытта жұмыс берушілердің белсенді қатысуы — басты шарт. 

“Жұмыс берушілер өз қызметкерлерімен жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын жасасуға міндетті. Жалпы, кәсіпорындарда жарақаттануға мүлдем төзбеушілік қағидатын, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйесін белсенді түрде енгізу қажет”, - деді Олжас Бектенов.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында Олжас Бектенов бірқатар нақты тапсырма берді. 

“Еңбек министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылдың 1-ші қарашасына дейін жұмыс берушілердің өндірісте жарақат алу фактілерін жасыруын болдырмау бөлігінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі жұмыс берушілермен бірге жыл соңына дейін өнеркәсіп орындары мен құрылыс секторында өндірістік қауіпсіздікті және еңбекті қорғауға арналған арнайы жабдықтарды міндетті түрде орнатуды қамтамасыз етсін”, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министрдің сөзінше, еңбек қауіпсіздігін сақтау – тек мемлекеттік бақылау органдарының ғана емес, әрбір жұмыс берушінің азаматтық әрі заңды міндеті.