ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Астанадағы жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған қызға қандай әлеуметтік төлемдер берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қайғылы оқиғадан кейін қыздың анасы жұмысын тастап, қызына тәулік бойы күтім жасауға мәжбүр болған. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда қыз ем қабылдап жатыр, әрі қарай оңалту шаралары жүргізіледі. Осы процестер аяқталған соң, оның мүгедектік деңгейі анықталып, тиісті жәрдемақылар тағайындалады.
"Мүгедектік белгіленгеннен кейін мемлекеттен тиісті жәрдемақы беріледі. Сонымен қатар мүгедек балаға күтім жасағаны үшін анасына да арнайы әлеуметтік төлем төленеді", – деді Виктория Шегай Үкімет үйінде өткен брифинг барысында.
Жәрдемақының нақты мөлшері қыздың мүгедектік тобына байланысты белгіленбек.
Еске сала кетейік, Астана қаласы әкімдігі зардап шеккен отбасыға төрт бөлмелі пәтер берілетінін хабарлаған еді. Жаңа тұрғын үй кешені биыл қазан айында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, құрылыс компаниясы пәтерді жөндеу мен жабдықтауға көмектесетінін мәлімдеген.