ТӘРБИЕ

Әскери бөлімдерге бейнебақылау орнатылады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: el.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әскери қызметшілердің өмірі мен қауіпсіздігін сақтау – барлық деңгейдегі қолбасшылықтың басты міндетіне айналуы тиіс. Мемлекет басшысы әскери қызмет абырой, әділет, тәртіп пен қауіпсіздік қағидаттарына негізделуі қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Осыған орай Бас прокурор Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдармен бірлесіп екі жаңа жобаны енгізуді тапсырды:
    •    «Әскердегі заң және тәртіп»,
    •    «Цифрлық профилактика».

Бұл бастамалардың негізгі мақсаты – әрбір әскери қызметшінің құқығы қорғалған, ал командирлер сенім мен қолдауға ие болатын ашық және қауіпсіз жүйе қалыптастыру.

Жобалар аясында әскери бөлімдерге заманауи бейнебақылау жүйелері орнатылып, жасанды интеллект технологиялары арқылы оқыс жағдайларды автоматты түрде талдау мүмкіндігі енгізіледі. Сонымен қатар, далалық жаттығулар, атыс, оқу-жаттығулар, сондай-ақ қарауыл мен жауынгерлік кезекшілік кезінде командирлер мен мерзімді қызметтегі сарбаздар бейнежетондармен жабдықталатын болады. Бұл әскери қызметтің ашықтығын арттырып, бақылау тетіктерін күшейтеді.

Қазірдің өзінде armia.kz сайтында цифрлық кеңесші іске қосылды. Сонымен қатар, жаңа байланыс арналары енгізіліп жатыр – әр сарбаз қайда жүгіну керектігін біліп, мәселесіне бейжай қаралмайтынына сенімді болуы тиіс.

Әскери шақыру жүйесінде де ашықтық артады: медициналық комиссиялардың отырыстары аудио-бейнежазбаға тіркеліп, хаттамалар цифрлық форматта шақырылушыларға қолжетімді болады. Бұл — денсаулығында кінәраты бар азаматтарды әскери қызметке заңсыз шақырудың алдын алуға мүмкіндік береді.

Жаңа жобалар мен шаралар әскери ортада қауіпсіздік пен әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам ретінде қарастырылып отыр.