САЯСАТ

Жемқорларға рақымшылық жасала ма? – Абзал Құспан заң жобасын түсіндірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: parlam.kz

Конституцияның 30 жылдығына орай ұсынылған рақымшылық туралы заң жобасы бірқатар сотталған азаматтарға жеңілдік беруді көздейді. Алайда бұл тізімге жемқорлық қылмыстары кірмейді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Атап айтқанда, заң жобасының екінші бабына сәйкес, егер қылмыс салдарынан зиян келмесе немесе келтірілген залал өтелген болса, орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Сонымен қатар ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша да жаза мерзімін қысқарту қарастырылған.

Алайда бұл бастама қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи бұл мәселеге назар аударып, сыбайлас жемқорлық қылмыстарына рақымшылықтың қолданылу мүмкіндігіне күмән келтірді.

"Жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап немесе көптеп ұрлау деген ұғым жоқ – ұрлықтың аты ұрлық. Сондықтан жемқорлықты жеңіл не ауыр қылмыс деп бөліп, рақымшылық аясында қарастыру қисынсыз", – деді депутат.

Оның бұл уәжіне жауап берген депутат, заңгер Абзал Құспан заң жобасында бұл мәселе нақты ескерілгенін жеткізді.

"Құжаттың төртінші бабында рақымшылық қолданылмайтын жағдайлар нақты көрсетілген. Соның ішінде барлық санаттағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар бұл жеңілдікке ілікпейді. Қазіргі таңда мұндай қылмыстар үшін 624 адам бас бостандығынан айырылған. Олардың ешқайсысы бұл рақымшылық аясында босатылмайды", – деп нақтылады ол.