ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Рамблер
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты елорда тұрғынына қатысты үкім шығарды. 40 жастағы азаматқа WhatsApp тобында жазған екі аудиохабары үшін қылмыстық іс қозғалған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде орын алған. Күдікті жатақханадағы бөлмесінде алкоголь ішіп отырып, жүк көлігі жүргізушілеріне арналған WhatsApp тобындағы пікірталасқа қатысқан. Топта елордаға кіреберісте орнатылған автоматты көлік таразысы жүйесіне қарсы наразылық талқыланған. Пікір білдірушілердің бірі тарифті көтеруді ұсынса, басқалары тасымалды тоқтату қажет деген. Ал күдікті жүк көліктерімен үкімет ғимараттары орналасқан ауданды жауып тастап, тіпті қару алып шығу керек деген радикалды ұсыныс айтқан.
Алайда 15–20 минут өткен соң, ер адам өз сөздерінің орынсыз екенін түсініп, аудиохабарламаларды өшірген. Кейін ұйықтап қалған. Алайда бұл топта құқық қорғау органдарының жедел қызметкері де бақылаушы ретінде болған. Ол жазбаларды тыңдап, сақтап үлгерген.
Алғашында ер адам әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке қамалған. Кейін бұл іс қылмыстық сипат алып, тергеу басталды.
Сот процесі кезінде айыпталушы кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін және мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын мәлімдеді. Ол жазбаларды мас күйде, эмоцияға беріліп жазғанын айтып, ешқандай бүлікке немесе билікке қарсы күш қолдануға үндемегенін жеткізді.
Алайда сараптама қорытындысы аудиожазбаларда қарулы әрекетке шақыратын тілдік құрылымдар барын растаған.
Азамат ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 3-бөлігі бойынша («Билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға, жаппай тәртіпсіздікке немесе азаматтарға күш қолдануға шақыру») кінәлі деп танылып, 2,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сот үкім шығару кезінде айыпталушының марқұм бауырының екі баласын асырап отырғанын, жағымды мінездемесін және жасаған ісіне шын өкінетінін ескерген.