САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: kmg.kz
Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) экс-директоры Мұрат Досмұратовтың ісі қайта қаралады. Жоғарғы соттың шешімімен оның ісі бойынша қалалық және облыстық соттардың үкімдері жойылып, материалдар төменгі инстанцияға кері жолданды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы "Ақ Жайық" басылымына сілтеп.
2023 жылдың күзінде Досмұратов салғырттық бабы бойынша кінәлі деп танылды. Алайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылған еді. Тергеу мәліметінше, ол директорлық қызметінде жылу алмастырғышты кепілдік бойынша тегін жөндетудің орнына, шамамен 2 миллиард теңгеге жаңа келісімшартқа қол қойған. Нәтижесінде мемлекетке 1,97 миллиард теңге көлемінде материалдық шығын келіп, ол бұл соманы өтеуге міндеттелді.
2025 жылы 31 қаңтарда апелляциялық сот шешімімен Досмұратовқа 6,9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда прокурор Д. Әубәкіров экс-директордың шағымын қолдап, істі тоқтатуды сұрады. Қорғаушы тарап та (адвокат А. Іздібаев пен Н. Досмұратова) Досмұратовты ақтауды талап еткен.
Жоғарғы сот олардың уәждерін орынды деп тауып, соттар бұған дейін іс мән-жайларын дұрыс бағаламаған деген қорытындыға келді. Бас прокуратура да алғашқы инстанциялар бірнеше қателік жібергенін атап өтті. Атап айтқанда:
• Хат алмасулар толық зерттелмеген;
• Ақау Досмұратов қызметке келмей тұрып тіркелгені ескерілмеген;
• Жабдық мердігерлерге ескертілмей іске қосылған;
• Жөндеу туралы шешімді сараптамалық кеңес оның қатысуынсыз қабылдаған;
• Келісімшарт жасалған кезде кепілдік мерзімі аяқталған болатын.
Сонымен қатар сот куәлардың жауабын назарға алмаған, техникалық регламентке баға бермеген және тәуелсіз сараптаманың қорытындысын елемеген. Осы негізде Жоғарғы сот істі жаңадан қарауға шешім шығарды.