ҚОҒАМ

Студенттерді әскерге күштеп алып кетіп жатыр: Саясат Нұрбек түсініктеме берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек студенттерді көшеден әскерге күштеп алып кетуге байланысты жағдайға түсініктеме беріп, бұл мәселені Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешуге ұсыныс жасағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің айтуынша, жақында Назарбаев университетінің студенті әскерге шақырылған. Бұл – заң аясында жасалған әрекет, себебі ол кезде талапкердің ресми студент мәртебесі болмаған.

"Назарбаев университетінің студентін әскерге шақырған жағдай тіркелді. Бұл жерде заң бұзылған жоқ. Себебі жоғары оқу орындарына қабылдау мерзімі мен Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру кезеңі сәйкес келмейді. Мысалы, Назарбаев университеті студенттерді қабылдау туралы шешімді шілде немесе тамыз айларында ғана жариялайды. Ал осы уақытқа дейін азаматтың студент мәртебесі болмаса, оны әскерге шақыру заңға сай", – деді Саясат Нұрбек Мәжіліс қабырғасында журналистердің сауалына жауап беріп.

Министр бұл мәселені шешу үшін Қорғаныс министрлігіне арнайы ұсыныс жолданғанын айтты. Оның айтуынша, талапкерлер ұлттық бірыңғай тестілеу мен басқа да емтихан нәтижелерін күтіп жүрген кезде, олар әскерге шақырылып кетуі мүмкін.

"Біз бұл мәселені Қорғаныс министрлігімен бірлесе қарастырып жатырмыз. Әскерге шақыру мерзімін жоғары оқу орындарына қабылдау кезеңімен сәйкестендіру қажет. Біздің қолдауымызбен Назарбаев университеті студент мәртебесін беру туралы бұйрықты дер кезінде шығарып, мәселені шешті. Енді бұл тәжірибені жүйелі түрде енгізуіміз керек. Көктемгі және күзгі шақыру науқандарын ЖОО-ға қабылдау уақытымен үйлестіруді қолға алдық", – деп атап өтті министр.