ҚОҒАМ

"Бізде де қарастырылуы мүмкін". Сәденов Ресейдің шекаралық өзгерістеріне қатысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Мәжіліс

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Ресей Федерациясының жаңа шекаралық тәртібіне байланысты түсініктеме берді. Айтуынша, Қазақстан тарапы бұл мәселеде бей-жай қалмайды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Мәжіліс дәлізінде тілшілер министрден "Қазақстан Ресей азаматтарына қатысты қандай да бір жаңа шектеулер енгізуі мүмкін бе?" деген сұрақ қойды. Ал Сәденов ұлттық қауіпсіздік пен ел мүддесі бәрінен жоғары тұратынын атап өтті.

"Қазіргі таңда тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Біз халықаралық тәжірибелерді зерттеп отырмыз. Кез келген шешім еліміздің заңнамасы мен қауіпсіздік мүдделеріне сай қабылданады", – деді министр.

Сондай-ақ министр Қазақстанға келгісі келетін шетелдіктер заң талаптарына толық бағынуы тиіс екенін ескертті.

"Шетелдік азаматтар елімізге келсе, қонақ ретінде заңымызға құрмет көрсетуі керек. Қауіпсіздік үшін барлық тетік бар, соның ішінде арнайы мобильді қосымшалар да жұмыс істеп тұр. Ресей қабылдап жатқан тәрізді қадамдар бізде де қарастырылуы мүмкін", – деді Ержан Сәденов.

Еске сала кетейік, 2025 жылдың 30 маусымынан бастап Ресейге визасыз негізде барғысы келетін Қазақстан азаматтары алдын ала тіркеуден өтуге міндеттеледі. Жаңа талап бойынша, ресейлік "Мемлекеттік қызметтер RuID" қосымшасы арқылы сапар алдында кем дегенде 72 сағат бұрын өтінім беріп, QR-код алу қажет. Бұл ереже тек Қазақстан емес, Орталық Азия мен Кавказ аймағындағы бірнеше елдің азаматтарына да қатысты болмақ.