БІЛІМ

Павлодарда Ұлттық қор қаражатын жымқырған экс-басшы сотталды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Baq.kz

Павлодар ауданында “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында бөлінген Ұлттық қордың қаражатын заңсыз иемдену дерегі тіркелді. Бұл ақпаратты Павлодар облысының прокуратурасы растады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Олардың мәліметінше, Павлодар ауданының нақты экономика секторы бөлімінің бұрынғы басшысы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ауыр қылмысқа барған. Ол Кемеңгер ауылында салынуы тиіс спорт-сауықтыру кешенінің құрылысы кезінде орындалмаған жұмыстар үшін мердігерге 158 миллион теңге төлеген. Ал кешеннің жалпы құны – 382 миллион теңге.

Тексеру нәтижесінде бұл іс Қылмыстық кодекстің 361-бабы бойынша тіркеліп, тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізді.

Іс қорытындысы бойынша Павлодар облысының аралық соты экс-шенеунікті 3 жылға бас бостандығынан айырып, оны мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырды.

Айта кетейік, сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.