САЯСАТ

Өзбекстан Президенті әкімшілігін енді Мирзиёевтің қызы басқарады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: телеграм-канал Saida Mirziyoyeva

Өзбекстанда Президент Жарлығымен Президент Әкімшілігі басшысының лауазымы қайта енгізіліп, аталған қызметке Саида Мирзиёева тағайындалды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Шерзод Асадов мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Саида Мирзиёева 2023 жылдың тамыз айынан бері Өзбекстан Президентінің көмекшісі қызметін атқарып келген. Бұған дейін, 2022 жылдың қарашасынан бастап, Президент Әкімшілігінің атқарушы аппаратына қарасты коммуникациялар және ақпараттық саясат секторының меңгерушісі болған.

Мирзиёева жайлы

Саида Мирзиёева Дүниежүзілік экономика және дипломатия университетінің түлегі, Ташкент мемлекеттік заң университеті мен М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің магистрі, экономика ғылымдарының кандидаты.

Бұған дейін ол Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі директорының орынбасары, сондай-ақ Ұлттық масс-медианы қолдау және дамыту қоры қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін де атқарған.

Айта кетейік, 2023 жылдың тамызында Өзбекстан Президент Әкімшілігінің құрылымына өзгеріс енгізіліп, аталған лауазым таратылған еді. Енді бұл қызмет қайта қалпына келді.