САЯСАТ

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Қазақстан Дубай мен Дохаға рейстерді уақытша тоқтатты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: телеграм-канал Air Astana

Таяу Шығыстағы әскери-саяси ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның бірқатар әуе компаниялары Дубай мен Доха бағытындағы рейстерін уақытша тоқтатты. Бұл туралы ҚР Көлік министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрліктің хабарлауынша, аймақтағы жағдайдың күрт нашарлауына байланысты бірнеше елде азаматтық авиацияға шектеулер енгізіліп, әуе кеңістігі уақытша жабылды.

"Мұндай шаралар зымыран және дрон шабуылдарының қаупі, әуе қорғанысы жүйелерінің белсенділігі, навигациялық жүйелердің істен шығуы және ұшу қауіпсіздігіне төнген қатерге байланысты қабылданды", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Осыған орай, елімізден шетелге ұшуы тиіс болған 683 жолаушы мен елге қайтып келуі керек 1051 жолаушының сапары кейінге қалды. Жалпы саны 1 734 адамға бұл жағдай әсер етіп отыр.

Қандай елдер шектеу қойды:

  • Израиль – әуе кеңістігі толық жабық;
  • Иран – әуе кеңістігі толығымен жабылған, оның ішінде Парсы және Оман шығанақтары;
  • Ирак, Иордания, Ливан – дрон және зымыран шабуылдарының қаупіне байланысты ұшуға шектеу қойылды;
  • Кувейт, Бахрейн, БАӘ – қақтығыс аймағына жақын маршруттар жабылып, рейстер шектелуде.

Басқа да ірі халықаралық әуе компаниялар ұқсас шешім қабылдап отыр. Мәселен, Air France-KLM, United, American Airlines, Japan Airlines, Air Canada секілді компаниялар Дубай, Доха және Эр-Рияд бағытындағы рейстерін уақытша доғарды.

Qatar Airways ұшу кестесін қайта қарап жатыр,

Etihad ресми ескерту жасады,

Emirates болса, қақтығыс аймағын айналып өтетін бағыттармен рейстерді жалғастыруда.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ұшуы кейінге қалған жолаушыларға қонақ үй, трансфер және ыстық тамақ ұсынылды.

Сонымен қатар олар билет құнын толық қайтарып ала алады немесе рейстерін тегін қайта брондай алады.

Көлік министрлігі жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыр. Авиакомпаниялармен бірлесе отырып, қажет жағдайда шұғыл шешімдер қабылдап, ұшу кестелерін бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Рейстердің жақын күндері қайта жандануы күтіліп отыр.