ТӘРБИЕ

Индонезияда есірткі ісімен ұсталған қазақстандықтар өлім жазасына кесілуі мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: panthermedia/vostock-photo

Индонезияда сәуір мен маусым айлары аралығында есірткіге қарсы жүргізілген кең көлемді арнайы операция нәтижесінде 285 адам қолға түсті. Олардың қатарында 29 әйел мен жеті шетел азаматы бар. Associated Press агенттігінің мәліметінше, ұсталған шетелдіктердің екеуі — Қазақстан азаматтары, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Индонезияның Ұлттық есірткімен күрес агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, рейд елдің 20 провинциясында жүргізілген. Нәтижесінде 0,68 тоннадан астам есірткі заттары — кристалдық метамфетамин, марихуана, экстази, ТГК, гашиш және амфетамин тәркіленді. Бұл көлемдегі есірткі 1,3 миллион адамның өмірін уланудан сақтап қалуға мүмкіндік бергені айтылуда.

Тергеу барысында есірткі тасымалы құрлықпен ғана емес, теңіз жолдары және пошта қызметі арқылы да жүзеге асқаны анықталған. Сондай-ақ тәртіп сақшылары екі ірі есірткі синдикаты күрделі қаржылай схемалар арқылы табысын заңдастыруға тырысқанын мәлімдеді. Операция барысында 1,5 миллион АҚШ долларына бағаланатын мүлік тәркіленген.

Индонезияда есірткі қылмыстары үшін ең қатаң жаза — ату жазасы қарастырылған. Соған қарамастан, бұл ел Оңтүстік-Шығыс Азиядағы есірткі транзитінің басты нүктелерінің бірі болып отыр. Енді есірткімен ұсталған азаматтар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Соңғы рет бұл жаза 2016 жылы орындалған. Сол уақытта бір индонезиялық және үш шетелдік азамат ату жазасына кесілген.

Ұсталған шетел азаматтарының, соның ішінде қазақстандықтардың да, тағдыры — Индонезияның қатал заңдары мен халықаралық қауымдастықтың қысымы арасындағы күрделі мәселеге айналмақ. Қазақстан азаматтарына қатысты нақты ақпараттар мен есімдері әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.