Bugin

Ядролық сынақ алаңында тұрған: ШҚО тұрғыны әділдікке сот арқылы қол жеткізді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: baq.kz

Шығыс Қазақстан облысы, Глубокое ауылының тұрғыны радиациялық қауіпті аймақта өмір сүргенін сотта дәлелдеп, уәкілетті органның әділетсіз шешімін жоққа шығарды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Құзырлы мекеме әйелдің өтінішін қолдаудан бас тартқан. Себебі – тиісті құжаттардың болмауы. Алайда заң бәрінен жоғары. «Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңға сәйкес, 1966–1990 жылдар аралығында сынақ аймағында тұрған, жұмыс істеген немесе әскери борышын өтеген азаматтар зардап шегуші ретінде танылып, жеңілдіктер мен өтемақы алуға құқылы.

Талапкер осы заңға сүйене отырып, Глубоков аудандық сотына жүгінді. Сот оның 1990 жылы Белоусовка ауылында сегіз ай тұрғанын дәлелдейтін деректерді мұқият саралап, айғақтарды жеткілікті деп тапты. Айта кетейік, Белоусовка ауылы ресми түрде радиациялық қауіпті аймақтардың қатарына кіреді.

Іске тіркелген құжаттар қатарында талапкердің туу туралы куәлігі, анасының сол ауылда тіркелгенін көрсететін АХАЖ жазбалары, балалар үйінен алынған анықтама және әпкесі мен ағасының сот алдындағы куәліктері болды. Олар қарындастарының туғаннан бастап балалар үйіне тапсырылғанға дейін ата-анасымен бірге Белоусовкада тұрғанын нақты растаған.

Нәтижесінде сот талапкердің Семей полигонының ықпал аймағында 1990 жылы сегіз ай тұрғанын ресми түрде мойындап, оның зардап шеккен азамат ретінде танылуына жол ашты.

Алайда бұл шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ.