ҚОҒАМ

«Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумы: Жұмысшы мамандарды даярлау ісінде маңызды серіктестік орнады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысының Білім Басқармасы

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында Түркістан облысында өткен «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» форумында колледждер мен кәсіпорындар арасында бірқатар маңызды меморандумға қол қойылды. Бұл – жұмысшы кадрларды сапалы даярлау ісінде өндіріс пен білім беру жүйесінің өзара ықпалдастығын арттыратын маңызды қадам, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Меморандум аясында студенттерді дуалды оқыту, өндірістік тәжірибеден өткізу, колледждерді қамқорлыққа алу, түлектерді жұмысқа орналастыру сынды нақты бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіледі.

Фото: Түркістан облысының Білім Басқармасы

Фото: Түркістан облысының Білім Басқармасы

Ең бастысы – бұл серіктестік тек колледжбен кәсіпорын арасында ғана емес, сонымен бірге Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жанындағы «Еңбек мобильділігі орталығының» қатысуымен үшжақты негізде жүзеге асуда. Бұл модель жастарды еңбекке бейімдеудің кешенді тетігін қалыптастырып отыр.

Үш жақты меморандумның алғашқысы Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ерғалиқызы мен Созақ ауданы, «Уранэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Мынбаев Рашид Мамытұлы және  Созақ ауданындағы №1 колледж директоры Қордашбаев Бақдаулет, Қазығұрт ауданындағы №19 колледж директоры Ильясов Айдарбек өзара ынтымақтастыққа қол қойды.

Сондай-ақ білім басқармасы мен Сайрам ауданы, "KUZOV KARABULAK" ЖШС директоры  Ырысқұлов Ырыстай және Сайрам ауданындағы Дінмұхаммед Қонаев атындағы аграрлық техникалық колледж директоры Айкөзов  Сейдулла меморандумға отырды.

Фото: Түркістан облысының Білім Басқармасы

Фото: Түркістан облысының Білім Басқармасы

Форумнан тыс, №11, №16, №8 колледж МКҚК және Ғани Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжі де кәсіпорындармен өзара ынтымақтастық келісімдеріне келді.

Бұл серіктестік нақты өндірістік ортада білім алу арқылы студенттің кәсіби дағдысы арттырып, кәсіпорындар оқу процесіне араласа отырып, өздеріне қажетті кадрды өздері даярлауға мүмкіндік алып отыр. Осылайша, жас маманның жұмыссыз қалу қаупі азаяды, оқу бітірген соң бірден еңбекке араласады.

Жұмысшы маман – ел экономикасының тірегі. Ал колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестік – сол тіректі нығайтудың ең тиімді жолы. Түркістан облысында бұл бағыттағы жүйелі жұмыс өз нәтижесін беруде.