ҚОҒАМ

2025 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда азық-түлік, темекі және газ бағасы өседі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: almaty.tv

2025 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда кейбір азық-түлік пен тұтыну тауарларының бағасы едәуір өседі. Сауда және интеграция министрлігі бірқатар өнімге қатысты ең төменгі бөлшек бағалардың көтерілгенін растады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Бұл туралы Digitall business мәлім етті. Атап айтқанда, ұн бағасы 44,6%-ға өсіп, 96,65 теңгеден 139,81 теңгеге жетті. Күнбағыс майы да 61,2%-ға қымбаттап отыр. Сонымен қатар ашытқы бағасы да көтерілген. Бұл негізгі қоспаның қымбаттауының салдарынан нан, тоқаш және кондитерлік өнімдердің өзіндік құны да артып, тұтынушылар үшін баға өсімі байқалуы мүмкін.

Алкоголь өнімдері де қымбаттап жатыр. Арақ 6,4%-ға өсіп, литрі 1136,16 теңге болса, коньяк 21,5%-ға шарықтап, литрі 3282,97 теңгеге дейін жетті. Бұл өзгерістер 2025 жылдың 1 шілдесінен 30 қыркүйегіне дейін күшінде болады.

Сондай-ақ азық-түлік нарығындағы біршама жағымды жаңалық – тауық жұмыртқасының арзандауы. Ең төменгі бағасы 4%-ға төмендеп, бір данасы 39,38 теңгеден 37,8 теңгеге түсті.

Темекі өнімдерінің бағасы да өсе бастады. 2025 жылдың екінші жартыжылдығында темекінің ең төменгі бөлшек бағасы 920 теңге болып белгіленді. Бұл баға 31 желтоқсанға дейін өзекті болады. Ал 2026 жылдан бастап темекі тағы да қымбаттап, 970 теңгеге жетеді. Қазіргі уақытта бұл өнімнің ең төменгі бағасы – 870 теңге. Мемлекеттік кірістер комитетінің айтуынша, бұл өзгерістер елдегі темекі тұтыну деңгейін төмендетуге бағытталған.

Сонымен қатар шілде айынан бастап тауарлық газға жаңа шекті тарифтер енгізілді. Энергетика министрлігі ірі тұтынушылар мен қарапайым азаматтарды екі бөлек санатқа бөлген. Майнингпен айналысатын кәсіпорындар үшін Алматы, Жетісу және Алматы облыстарында ең жоғары баға – ҚҚС-сыз 1000 текше метрге 76 686 теңге болып бекітілді. Ал Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 13 069 теңге.

Халық үшін газ бағасының өсімін ең қатты сезінетін өңірлер – Алматы, Ұлытау және Алматы облыстары. Бұл аймақтарда 1000 текше метр газ 39 979 теңге тұрады. Шығыс Қазақстан облысында, керісінше, өзгеріс жоқ – баға бұрынғыдай 7 563 теңге деңгейінде сақталып отыр.