САЯСАТ

Қапшағайда жасөспірім қыз суға батып кетті: депутат Базарбек жағажайдағы заңсыздықтарды әшкереледі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: mazhilis.parlam.kz

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Қапшағай су қоймасындағы демалыс аймағында болған қайғылы оқиғаның куәсі болғанын айтты. Оның айтуынша, қоғамдық жағажайда жас қыз суға батып, көз жұмған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Қыз баланы құтқарып қалуға болар еді. Бірақ бәрі көз алдымда болды... Өкініштісі – құтқаруға қажет жағдай жасалмаған», – деп жазды депутат.

Ол болған оқиғаға байланысты жағажайда қауіпсіздік талаптарының мүлде сақталмағанын атап өтті. Құтқару шеңберлері, мұнаралар, дауыс зорайтқыш, бейнебақылау, медициналық көмек көрсету пункті – ешбірі болмаған. Ал демалушылардан ақша жиналып, қолайлы жағдай жасалмаған.

«Суға кеткен қызға алғашқы көмекті демалушылар мен марқұмның жақындары көрсетуге тырысты. Бірақ оларда кәсіби дайындық та, біліктілік те болған жоқ. Жағажай иелері де, әкімшілік өкілдері де, тіпті құтқарушылар да табылмады. Қызды судан алып шыққандар – қарапайым қайық иелері мен сол жерде жүрген куәгерлер. Бұл – құтқару қызметінің атымен жоқ екенін көрсетеді», – дейді Базарбек.

Депутаттың пікірінше, еліміздегі туризм саласында азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы ескерілмейді. Ол көптеген жағажай мен демалыс аймақтарының жекеменшікке заңсыз берілгенін айтты.

«Қапшағайда шынайы қоғамдық жағажай жоқ деуге болады. Су қорғау жолақтары түгелдей қоршалып, жекеменшікке айналған. “Resort”, “Royal”, “Beach” деген сәнді атаулармен ашылған демалыс орындарының кәріз, су және электр жүйесі түсініксіз жағдайда. Ал бұл нысандардың иелері – жергілікті лауазымды тұлғалар мен шенеуніктер», – деді депутат.

Ол бұл мәселеге байланысты Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысымен хабарласып, Қапшағай маңындағы барлық заңсыз жағажайлар мен демалыс орындарына кешенді тексеріс жүргізуді бастағанын жеткізді.

«Мен Серік Тілемісұлын мемлекет мүддесін қорғайтын принципшіл басшы ретінде білемін. Біз бірлесіп, заңсыз иемденіп алған жағажайларды мемлекетке қайтаруға тырысамыз. Бұл тексеріс “Жер аманаты” комиссиясының аясында өткізіледі. Ал заңсыздықтарға жол бергендерге қатысты қатаң шаралар қолданылады», – деп жазды Бақытжан Базарбек.