ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: semei.sity
Маңғыстау облысында «LiveGood» қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті компанияның құрылымдық бөлімшесін басқару, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен келген қаражатты заңдастыру деректері бойынша істі тергеп бітірді.
Тергеу барысында анықталғандай, «LiveGood» компаниясы желілік маркетинг түрінде әрекет етіп, дәрі-дәрмектер мен биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) сату арқылы жұмыс істейтіндей көрінген. Алайда шын мәнінде ұйым қатысушыларға өнім сатып алмай-ақ, жаңа адам тарту арқылы табыс табуға уәде берген. Жазылу құны 50 АҚШ долларынан басталып, жүйе жаңа салымшылар есебінен жұмыс істеген.
Салдарынан 80-нен астам азамат алаяқтықтың құрбаны болды.
Күдікті салымшылардан түскен қаражатты заңдастыру үшін криптовалюта биржасы арқылы ақша айналымын жасап, кейін оны туыстарының атына аударып отырған. Қаражатқа Ақтаудан екі пәтер мен Lexus автокөлігін сатып алған. Жылжымайтын мүліктің жалпы құны 43 млн теңгені құрайды.
Сот шешімімен оның жалпы сомасы 132 млн теңгені құрайтын есепшоттары мен мүлкіне тыйым салынды.
Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, іс сотқа жолданды.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.