САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Azattyq Rýhy
Қайырымдылыққа бөлінген 3 млрд теңгені жымқырды деген күдікке ілінген Перизат Қайраттың "тергеу изоляторында соққыға жығылдым" деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Полицияның мәліметінше, 9 маусым күні П. Қайрат прокуратураға арыз жазып, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкері оны есікке қысып, жарақаттағанын айтқан. Арыз негізінде жиналған материалдар Астана қалалық Полиция департаментіне жолданып, сотқа дейінгі тергеу басталған.
Тексеру аясында бейнебақылау жазбалары мұқият қаралып, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынған. Тергеу нәтижесі бойынша арызда көрсетілген уақытта ешқандай күш қолдану әрекеті болмағаны анықталды.
"Қайраттың көрсеткен уақытына сәйкес бейнежазбалар зерттелді. Нәтижесінде, камера есігін жабу барысында оған дене жарақаты келтірілгені дәлелденген жоқ", – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Айта кетейік, 9 шілдеде Астанада Перизат Қайратқа қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Ол қайырымдылықты желеу етіп азаматтар мен ұйымдардан 3 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.
Судья Сабыржан Кәрімовтің айтуынша, Қайраттың алдын ала тыңдау барысында білдірген өтініші ішінара қанағаттандырылған.
"Сот отырысын жабық түрде өткізу туралы өтініш ішінара қанағаттандырылды. Ал негізгі сот отырысы 2025 жылдың 14 шілдесіне, сағат 10:00-ге белгіленді", – деді судья.