САЯСАТ

Тоқаев Трамптың баж салығына қатысты хатына жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Коллаж: Kursiv media

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті.

Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді.

Еске салайық, 7 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнайы хат жолдап, 2025 жылы 1 тамыздан бастап Америкаға жеткізілетін барлық қазақстандық өнімге 25 пайыз көлемінде баж салығы енгізілетінін мәлімдеді.

“2025 жылғы 1 тамыздан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын кез келген тауарға секторлық баждардан тыс қосымша 25 пайыздық салық салынады”, – делінген хатта.

Трамптың айтуынша, екі тарап бұл мәселені алдын ала талқылауға мүмкіндігі болғанымен, қазіргі таңда Вашингтон үшін басты басымдық – ұзақ мерзімді экономикалық тапшылықпен күрес. Оның мәлімдеуінше, жаңа баж салығы АҚШ-та жұмыс істейтін компанияларға әсер етпейді.

“Егер сіз де жауап ретінде қарсы баж енгізгіңіз келсе, қалаған мөлшерде салық енгізе аласыз. Бірақ ол біздің 25 пайыздық тарифке қосылады. Мұндай шаралар – саудадағы әділетсіздікті түзетуге бағытталған. Сауда теңгерімсіздігі – АҚШ экономикасы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер”, – деп жазды Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында.