Bugin
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Шалқар аудандық әкімдігінен
Ақтөбе облысы Шалқар ауданында мемлекеттік құрылыс жобаларына жауапты бөлім басшысы бірнеше мердігерден миллиондаған теңге көлемінде пара талап етті деген күдікпен сотқа тартылды, деп хабарлайды Bugin.kz Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы бөлім мен “Данекер” ЖШС арасында Көпмола, Жылан және Кендала ауылдарында су құбыры желілерін қайта жаңғырту туралы келісімшарт жасалған. Жоба ұзындығы – 1030 шақырым, бастапқы құны – шамамен 800 миллион теңге. 2022 жылы аяқталуы тиіс жұмыстарға кейін өзгерістер енгізіліп, жоба құны 1,9 миллиард теңгеге дейін өскен.
2024 жылы бөлім басшысы қызметіне тағайындалған С.Шуга “Данекер” ЖШС директоры Искаковтан орындалған жұмыстар актілерін бекіту үшін 5 миллион теңге пара талап еткен. Айыптау тарапының дерегінше, шенеунік бұл соманы бермесе, тексеріс ұйымдастырып, кедергі келтіретінін айтқан. Қорыққан кәсіпкер келісіп, ақша екі жеке тұлғаның есепшотына аударылған.
Қылмыстық істің екінші эпизоды “АзияСтройПроект777” ЖШС-на қатысты. Компания 2023 жылы Шалқар қаласындағы үш көппәтерлі тұрғын үйге инженерлік инфрақұрылым тарту жобасын жүзеге асырған. Бастапқы құны – 71,8 миллион теңге, кейін бұл сома 115,3 миллион теңгеге өскен. Тергеу мәліметінше, шенеунік бұл компания басшысынан да 8 миллион теңге пара талап еткен. Компания директоры Мұңбаев бірнеше тұлғаның есепшотына тиісті соманы аударған.
Сот процесінде куәгерлерден жауап алынып жатыр. Қорғаушы тарап сотқа Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханды да куәгер ретінде шақыруды сұрады.