ҚОҒАМ

Салтанат Нүкенованың қазасы: Байжанов рақымшылықпен босап шығуға өтініш берді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: el.kz

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сотталған Бақытжан Байжанов жазасын қысқарту туралы өтініш берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Бұл туралы Жоғарғы сот Informburo.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

“2024 жылы 9 шілдеде Бақытжан Байжанов жазасын қысқарту туралы амнистия заңына сәйкес өтінішпен Степногор аудандық сотына жүгінді. Қарау күні әзірге белгіленген жоқ”, – делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салайық, 2024 жылдың  мамыр айында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Б.Байжановқа қатысты үкім шығарды. Оған қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша айып тағылды. Бұған сәйкес, Байжанов ауыр қылмысты жасыру дерегі бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Заң бойынша мұндай қылмыс санаты бойынша сотталғандарға жаза мерзімін бестен бір бөлігіне қысқарту көзделген. Бұл шамамен тоғыз айға тең.

Айта кетейік, 2024 жылы 23 маусымда Мемлекет басшысы Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған амнистия туралы заңға қол қойды. Бұл заң 15 мыңнан астам сотталған адамға қатысты қолданылады. Солардың ішінде екі мыңға жуығы түрмеден босатылады, қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады. Амнистияны қолдану жөніндегі материалдар сотқа 2025 жылдың соңына дейін жолдануы қажет.