САЯСАТ

Мемлекет басшысының сынынан кейін бірнеше шенеунікке сөгіс жарияланды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: gov.kz

Мемлекет басшысының туристік саланы дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына туризм және спорт, көлік, ішкі істер, экология, су ресурстары, денсаулық сақтау министрліктері мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері енді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

10–12 шілде күндері жұмыс тобы Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облыстарына инспекциялық сапармен барып, бірқатар жүйелі заң бұзушылықтарды анықтады. Мамандар Қапшағай су қоймасы, Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағалауындағы инфрақұрылыммен танысып, туристермен кездесті. Халық тарапынан түскен шағымдар — сервистің төмен деңгейі, қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігі мен инфрақұрылым мәселелері шындыққа жанасатыны белгілі болды.

Атап айтқанда, коммуналдық жағажайларда абаттандыру талаптарының бұзылғаны, чек бермей жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бар екені және санитарлық, қауіпсіздік нормаларының сақталмайтыны анықталды.

Инспекция қорытындысы бойынша бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды:

    •    Туризм және спорт вице-министрі мен Алматы, Қарағанды, Жетісу және Абай облысы әкімдерінің орынбасарларына қатаң сөгіс жарияланды;

    •    Қонаев, Балқаш қалаларының, сондай-ақ Алакөл мен Мақаншы аудандарының және ауылдық округтердің әкімдеріне сөгіс берілді;

    •    Туризм, кәсіпкерлік, экология, сәулет және саудаға жауапты облыстық басқарма басшылары жазаланды;

    •    Бірқатар министрліктің — экология, денсаулық сақтау, қаржы, су ресурстары, сауда және көлік саласындағы аумақтық бөлімше басшылары да жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта өңірлерде орталық мемлекеттік органдардың қатысуымен көшпелі тексерулер жалғасуда. Олардың нәтижесі бойынша туристік инфрақұрылымды дамытуға арналған Жол картасы әзірленеді. Құжатта саладағы басты проблемаларды шешуге бағытталған нақты шаралар айқындалмақ.

Сонымен қатар жұмыс тобының аясында туристік қызмет сапасын жақсарту, курорттық аймақтарды абаттандыру және құқықтық тәртіпті нығайтуға жауапты тұрақты Жобалық кеңсе құрылды.