ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: әлеуметтік желіден
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваның ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылар соттан нақты жаза мерзімін тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Айыптаушы прокурор Арман Қазекен:
• Перизат Қайратқа – 10 жыл,
• Ғани Алашбаеваға – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды.
“Жасалған қылмыстың аса қауіпті сипатын ескере отырып, айыптау тарапы сотталушыларға нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды қажет деп санайды. Аса ірі көлемдегі ұрлық пен оның жасалу жолы қоғамның мүддесі мен моральдық құндылықтарына өрескел қол сұғу. Бұл тек материалдық шығын емес, сонымен қатар азаматтардың қайырымдылық институттары мен көмек көрсету жүйесіне деген сенімін де шайқалтты”, — деді прокурор.
Сондай-ақ айыптаушы тарап сотталушылардың қылмыстық жолмен тапқан мүлкін тәркілеп, зардап шеккендерге беруді ұсынды.
Перизат Қайраттың жауап алу процесі жабық режимде өтті. БАҚ өкілдері сот залына жіберілген жоқ. Ал Ғани Алашбаева жауап беруден бас тартты.
Сотталушыларға ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша айып тағылды:
190-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы – “Аса ірі көлемдегі алаяқтық”;
218-баптың 2-бөлігінің 1-тармағы – “Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және мүлікті топ болып алдын ала сөз байласу арқылы заңдастыру”;
218-баптың 3-бөлігінің 3-тармағы – “Қылмыстық жолмен алынған аса ірі көлемдегі ақшаны және мүлікті заңдастыру”.
Айыптау тарапы үш эпизодты бөліп көрсетті: мүгедек балаларға көмектесу, Таяу Шығыста зардап шеккендерге көмек және Қазақстандағы су тасқыны кезінде жиналған қаражатқа қатысты.