ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағандар 15 жылға дейін сотталуы мүмкін — Әлназарова

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: parlam.kz

Медицина қызметкерлеріне күш көрсету және шабуыл жасау фактілері үшін қатаң жаза енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық кодекске медицина саласы қызметкерлерін қорғауға арналған жаңа нормалар енгізілмек.

"Мен еңбек жолымды медбике және қабылдау бөлімінің дәрігері ретінде бастадым. Ол кезде мұндай жағдайлар болған емес. Қазір медицина қызметкерлеріне күш көрсету оқиғалары ай сайын тіркеліп жатыр. Бұл өте күрделі жағдай екенін көрсетеді", — деді Ақмарал Әлназарова.

Оның сөзінше, Бас прокуратура және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жаңа 158-1-бап жобасы әзірленіп жатыр. Бұл бап бойынша:

Егер медицина қызметкеріне күш қолданамын деп қорқытса — 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы;

Егер нақты күш қолдану орын алса — 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;

Егер оқиға төтенше жағдай кезінде болса — 10 жылға дейін түрме жазасы;

Ал бірнеше адам бірден бірнеше медицина қызметкеріне күш көрсетсе — 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

"Бұл — денсаулық сақтау саласы мамандарын қорғауға бағытталған әділетті шара. Аталған өзгерістер қыркүйек айында Парламентке ұсынылады", — деді министр.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев та бұл мәселеге қатысты пікір білдіріп, медицина қызметкерлерінен бөлек, басқа сала мамандарын да заң жүзінде қорғау керегін айтты.

"Мәселе тек дәрігерлерге қатысты емес. Әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер де қысым көруде. Бұл – тек заңмен емес, тәрбие арқылы да шешілуі тиіс. Жақын арада аталған мәселені депутаттармен бірге қарастырып, нақты шешімдер ұсынамыз", — деді ол.