ҚОҒАМ

Қазақстанда қандай азаматтар әскерге жіберілмейді? Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Қорғаныс министрлігі 

Қазақстанда психоэмоционалды ауытқуы бар азаматтар әскерге қабылданбайды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

“Психоэмоционалды тұрақсыздық байқалған шақырылушылар әскер қатарына қабылданбайды. (…) Елімізде суицидке бейімділікті ерте анықтауға бағытталған жаңа PSY-РИСК әдістемесін кеңінен енгізу басталды. Бұл жаңашылдық әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын арттырып, әскердегі қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған”, – делінген ресми мәлімдемеде.

Аталған әдістеме Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары тарапынан әзірленіп, 2025 жылғы көктемгі шақырылым кезінде сәтті сынақтан өткен.

“Нәтижесінде 470-тен астам жас азаматтан суицидке бейімділік белгілері дер кезінде анықталып, олардың барлығы әскери қызметтен босатылды немесе қосымша медициналық тексеруге жіберілді. Жаңа жүйе психодиагностиканың бірнеше кезеңін қамтиды: алғашқы скрининг, тереңдетілген психологиялық зерттеу және қажет болған жағдайда – психиатриялық сараптама. Басты мақсат – психоэмоционалдық тұрғыда әскери қызметке дайын емес азаматтарды іріктеу кезеңінде-ақ анықтап, әскерге жібермеу”, – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, PSY-РИСК әдістемесін енгізу мәселесі Қазақстан Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында негізгі талқылау тақырыбына айналған. Жұмыс тобы құрамына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдерімен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және өзге де мемлекеттік құрылымдардың мамандары кірді.

Қорғаныс министрлігінің психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыстар басқармасының бастығы Арман Қалышевтің айтуынша, бұл бастама Үкіметтің тапсырмасымен жүзеге асырылып отыр және шақырылым науқаны шеңберіндегі жүйелі алдын алу жұмыстарының бір бөлігіне айналмақ.

“Біздің мақсатымыз – тек психологиялық тұрғыда әлсіз азаматтарды іріктеп алып тастау емес, сонымен қатар болашақ әскери бөлімдердегі ұжымдарды да ықтимал қауіп-қатерден қорғау. Мұнда тек денсаулық пен өмір мәселесі ғана емес, бөлім ішіндегі моральдық-психологиялық ахуал да аса маңызды”, – деді Қалышев.

PSY-РИСК әдістемесін еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізу туралы шешім қабылданды.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл жаңашылдық әскерге шақырылушыларды іріктеу тиімділігін арттырып, штаттан тыс жағдайлардың санын азайтуға әрі жас сарбаздардың психикалық саулығын нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде.