ҚОҒАМ

Жамбылда жасөспірім досына абайсызда оқ атты: сот үкім шығарды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында жасөспірім әкесінің пневматикалық мылтығымен ойнап жүріп досын байқаусызда жаралап алды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Сот мәліметінше, олар бөтелкелерді атып жүрген сәтте оқ кездейсоқ түрде жәбірленушінің жақ сүйегіне тиген. Сараптама қорытындысы бойынша, «Cometa 300» маркалы мылтық спорттық жаттығуға арналған әрі ату қаруы болып саналмайды

Кезекті ату сәтінде жасөспірім нысанаға дәл тигізе алмаған. Сол мезетте жәбірленуші М. бөтелкені қайта қою үшін алға ұмтылған кезде, Т. байқамай атып, оқ жәбірленушінің жақ сүйегіне тиген.

Сот отырысында Т. өз кінәсін толық мойындап, болған оқиғаға өкінетінін білдірді. Жәбірленуші тарап ешқандай шағым түсірмей, істі соттың қарауына қалдырған.

Сот адвокаттың жеңіл жаза тағайындау туралы өтінішін ескере отырып, Т.-ны Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 485-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Оған 10 айлық есептік көрсеткіш (39 320 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Айта кету керек, ӘҚБтК-нің 66-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандарға 10 АЕК-тен артық айыппұл салуға болмайды.

Іс барысында тәркіленген пневматикалық мылтық иесіне қайтарылды. Сот қаулысы заңды күшіне енді.