САЯСАТ

Перизат Қайраттың адвокаты сотқа апелляциялық шағым түсірді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото:  instagram.com/01pk

Перизат Қайраттың адвокаты Асланбек Дәулетьяров сот үкіміне қарсы апелляциялық шағым түсірді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

Адвокат шағымның мазмұнын жарияламады. Бұған дейін ол үкімді “заңсыз және негізсіз” деп бағалаған еді. 

Еске салайық, 2024 жылдың 25 шілдесінде Астана қаласының ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға үкім шығарды. Сот шешімімен Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ сот үкімі бойынша қоғам белсендісі мен оның анасы 50 жәбірленушінің пайдасына жалпы 1 млрд 582 млн теңге материалдық шығынды өтеуге міндеттелді. Бұған қоса, әрқайсысы 22 млн теңге мемлекеттік баж және 698 мың теңге сот шығындарын төлеуі тиіс.

Оларға ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (“Аса ірі көлемде алаяқтық”), 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы және 2-бөлігінің 1-тармағы (“Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру”) бойынша айып тағылған.

Тергеу мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Перизат Қайрат пен анасы жалпы көлемі 3,5 млрд теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған.