САЯСАТ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: informburo.kz
Ресейде Қайрат Боранбаевқа тиесілі жылжымайтын мүлік алаяқтардың қолына өтіп кеткен. Олар жалған құжаттар арқылы кәсіпкердің мүлкін сатпақ болған, деп жазады Bugin.kz порталы.
“Выход к морю” басылымының дерегінше, бұл уақытта Боранбаев Қазақстанда ірі көлемде қаржы жымқырды деген айыппен қамауда отырған. Сот даулары екі жылға жуық уақытқа созылып, соңында мәміле заңсыз деп танылды. Сарапшылардың пікірінше, істің осылайша оң шешілуіне оның бұрынғы серіктесі әрі көршісі Тимур Құлыбаевтың ықпалы болуы ықтимал.
Боранбаевқа тиесілі “Консалтинггаз” ЖШС-нің аудит есебінде сөз болып отырған нысандар екі жер телімі мен бірқатар ғимарат екені көрсетілген. Олардың кадастрлық құны 157,8 млн рубльге бағаланған. Ал компания балансында тіркелген ең ірі мүліктің бірі – Подмосковьедегі үй – 2023 жылы сатылып кеткендіктен, сипаттамаға сәйкес келмейді. Керісінше, “Газпром” басшыларына арналған жабық “Богородское” коттедж қалашығындағы Боранбаевтың иелігіндегі жылжымайтын мүлік осы деректерге дәл келеді.
Бұл нысан құрамына 86 сотық жер, жалпы ауданы 1,8 мың шаршы метр болатын бас үй, 425 шаршы метрлік қонақ үй және 411 шаршы метрлік аяқталмаған құрылыс кірген. 2022 жылы олардың кадастрлық құны 148 млн рубль болса, 2024 жылға қарай 157,8 млн рубльге өскен. Алайда сарапшылардың айтуынша, нарықтағы шынайы құны 2023 жылы шамамен 1 млрд рубльге немесе 5 млрд теңгеге жеткен.
Боранбаев түрмеде отырған сәтте, яғни 2023 жылы, алаяқтар осы мүлікті сатып үлгерген көрінеді. Әдетте Ресейде мұндай сот процестері бірнеше жылға созылады. Дегенмен бұл жолы небәрі бір жылдан сәл асқанда мәміле жарамсыз деп танылды. Бұған бірқатар фактор ықпал еткен. Атап айтқанда, Боранбаевтың «Консалтинггаз» компаниясы сол жылы мүлікті Тимур Құлыбаевқа тиесілі құрылым алдындағы қарызын өтеу үшін кепілге қойған. Оның үстіне, қарыз ресейлік емес, Қайраттың ағасы Талғат Боранбаев жетекшілік ететін қазақстандық «LPG Дистрибьюшн» компаниясына байланысты болған.
Қазірдің өзінде белгілі болғаны – кәсіпкер ол мүлікте тұрмайды. Аудиторлық есепке сәйкес, Боранбаев бұл активті де, компания балансындағы көліктерді де биыл сатуды көздеп отыр. Саудадан түскен миллиардтаған теңге БАӘ-де тіркелген Nexta FZE компаниясына берешекті жабуға жұмсалмақ. Айта кетейік, бұл құрылымның иесі де Қайрат Боранбаев. Ол қамауға алынар алдында бірнеше ай бұрын Латвия арқылы дәл осы компанияның шотына шамамен 16 млрд теңге аударған.