ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: ашық дереккөз
Қызмет бабында ауыр бас-ми жарақатын алған Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтар шетелде ем қабылдау үшін Ыстанбұлға аттанды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Алдағы үш айда Ербаян толыққанды оңалту курсынан өтеді.
Бұл туралы оның адвокаты Инга Иманбай мәлімдеді. Оның сөзінше, бұл кезең Ербаян үшін аса маңызды сынақ болмақ.
"Бір жыл ішінде ол ата-анасының ғана емес, бүкіл халықтың ұлына айналды. Оның тағдыры мыңдаған адамның жүрегіне әсер етті. Егер алғашқы емдеу кезеңі халықтың қолдауымен жүзеге асса, бұл жолы мемлекет үлкен көмек көрсетті. Қымбат әрі аса маңызды емге үш айлық қаржыландыру бөлінді, ал ұшуды Ішкі істер және Қорғаныс министрліктері ұйымдастырды", – деді Иманбай.
Ол Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен генерал Қайрат Өмбетовтің қолдауы үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ алғашқы кезеңнен қалған қаражат болашақта Ербаянның әрі қарайғы ем-домына жұмсалатынын атап өтті.
"Алда үш айлық сынақ тұр. Бұл бізді ең үлкен арманға – Ербаянды аяққа тұрғызып, оның даусын естуге жақындатады. Қанша уақыт қажет болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ халықтың қолдауымен, ата-анасының қайсарлығымен және дәрігерлердің еңбегімен біз сол күнге жетеміз деп сенемін", – деді адвокат.