ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: baq.kz
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы Ақмола облыстық прокуратурасының мәлімдемесіне орай түсініктеме берді. Бұған дейін прокуратура әлеуметтік осал азаматтардың атына ірі көлемде несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) ісін аяқтағанын хабарлаған еді. Тергеу барысында күдіктілер қатарында банк қызметкерлері де бар деген ақпарат таратылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Банк өкілдерінің айтуынша, қазіргі немесе бұрынғы қызметкерлерінің осы іске қатысы бар екені жайлы ресми құжаттар мен хабарламалар қаржы ұйымдарына әлі түспеген.
"Банктер аталған деректердің нақтылығын анықтау үшін прокуратураға ресми сұрау жолдауды жоспарлап отыр. Қолда бар мәліметтер бойынша, қызметкерлердің тергеуге қатысы бар екені дәлелденген жоқ. Ресми құжаттар келіп түскен жағдайда, клиенттердің құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына қатысты кез келген тергеу шараларына толық қолдау көрсетуге дайынбыз", – делінген мәлімдемеде.
Сонымен бірге қаржы институттары өздерінің беделін сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, барлық қызмет заң шеңберінде және ашықтық қағидаттарына сай жүргізілетінін мәлімдеді.
Қаржыгерлер қауымдастығы прокуратураны қоғамда үлкен резонанс тудыруы мүмкін мәселелер бойынша ресми мәлімдемелер жасауда сақ болуға шақырды.