ҚОҒАМ

Қазақстанда таудағы қайғылы оқиғаларға байланысты туристерге жаңа ереже енгізіледі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Енді туристер тауға шығар алдында өз жорықтары туралы алдын ала хабарлауы тиіс. Тиісті қағидаларды Төтенше жағдайлар министрлігі өз бұйрығымен бекітті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Ведомствоның мәліметінше, туристер тау, үңгір немесе өзге де қауіпті аймақтарға бармас бұрын жергілікті бөлімшені (мысалы, Астана немесе Алматы қаласының ТЖД) алдын ала құлақтандыруға міндетті.

Мұны мына тәсілдер арқылы жасауға болады:

  • eQonaq жүйесі мен қосымшасы арқылы;
  • аумақтық органның электрондық поштасына;
  • 112 телефоны арқылы.

Хабарламада туристің аты-жөні, байланыс деректері және баратын нысаны көрсетіледі. Егер жорық топпен болса, қосымша қатысушылардың саны, олардың деректері, маршрут (басталуы мен аяқталуы, ұзақтығы), сондай-ақ шамамен түнейтін орындары жазылады. Хабарламаны топтың бір мүшесі жолдайды.

Барлық хабарламалар ТЖМ тарапынан ресми тіркеледі.

Айта кетейік, Алматыда жастардың көбі әсер алу және әдемі суреттер үшін тауға жиі шығады. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, олардың көбі рельефтің қиындығын, ауа райының құбылмалығын ескермей, тәуекелді бағаламайды.

«Ең бастысы – өз мүмкіндігіңізді арман-тілегіңізбен салыстыра білу. Таудағы қайғылы оқиғалар көбіне таңдалған маршрутқа жеткілікті дайындықтың болмауынан орын алады», – деді Алматы қаласы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Дамир Ермағанбетов.

Сондай-ақ ол: егер бірнеше күндік жорық жоспарланса, міндетті түрде ТЖД-ға (112), ТЖМ-ге хабарлау қажет екенін еске салды.

Алматы ТЖД да бұған дейін ескерткен:

  • күрделі әрі көпкүндік жорыққа кәсіби нұсқаушысыз баруға болмайды;
  • бір күнде бірнеше нүктеге баруға тырыспаңыз;
  • тек көз жетерліктей аймақтағы бағыттарды таңдаңыз және белгіленген маршруттан ауытқымаңыз;
  • телефон мен қуаттау құрылғыларын толық зарядтап алыңыз;
  • су мен азық-түліктің қорын дайындаңыз.

2021 жылы тауда 18 шағын үй орнатылды. Онда дәрі қобдишалары, қуаттау станциялары, жылы көрпелер мен азық-түлік бар. Бұған қоса, 4 бақылау-құтқару бекеті жұмыс істейді: Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында, Медеуде және Бутаков шатқалында.

2025 жылдың 20 тамызына дейін тауда 291 құтқару операциясы жүргізіліп, 396 адам (оның ішінде 77 бала) құтқарылған. Өкінішке қарай, 10 адам көз жұмды.