ҚОҒАМ
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Фото: Ақ бидай
2025 жылғы 14 қыркүйекте Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты «Үшқоңыр» спорт кешенінде VIII республикалық «Ақ бидай–2025» ауыл спорты ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Аталған шараға еліміздің 17 облысынан келген командалар қатысып, салтанатты шерумен жүріп өтті. Рәсім барысында «Ақ бидай» ойындарының ресми жалауы көтерілді.
Төрт жылда бір рет өтетін республикалық спорттық жобаға биыл 2000-ға жуық спортшы қатысуда. Олар командалық және жекелей сындарда 20 спорт түрі бойынша өзара бақ сынасып, мықтыны анықтайды.
Әр өңірдің командасы аудандық деңгейде жыл сайын ұйымдастырылатын «Ақ бидай» іріктеу сайыстары арқылы таңдалып, республикалық кезеңде өз өңірінің намысын қорғайды.
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жарыстың ашылуында сөз сөйлеп, ауыл спортына көрсетіліп жатқан қолдау мен жаңа спорт нысандарының маңызын атап өтті.
“Құрметті спортшылар, жаттықтырушылар, қонақтар!
Сіздерді ауыл спортын дәріптейтін, салауатты өмір салтын насихаттайтын дәстүрлі «Ақ бидай" спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл дода – елдің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшыларын бір арнаға тоғыстырып, шеберлік пен достықтың, бірлік пен ынтымақтың символына айналған ауқымды шара.
Биылғы жарысқа 2000-ға жуық спортшы қатысып отыр – бұл ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығының артқанын көрсетеді.
Алматы облысында бұқаралық спортты дамыту – басты басымдықтың бірі. Бүгінде 25 мыңнан астам спортшы 67 спорт түрімен тұрақты айналысады.
Соңғы жылдары облыста жаңа спорт нысандары салынып, халықаралық деңгейдегі футбол академиясы ашылды. Мұның барлығы – жас спортшыларға қолдау көрсетудің, болашақ чемпиондарға жол ашудың нақты нәтижесі.
«Ақ бидай» – тек жарыс емес, бұл – ауылдан шыққан дарынды жастарды танытатын үлкен алаң.
Барша қатысушыларға сәттілік, жарқын жеңіс пен жарасымды жарыс тілеймін!”, — деді ол.
“Ақ бидай–2025” ойындарының ашылу рәсіміне алғаш рет қатысып отырмын. Атмосферасы ерекше әсерлі – көтеріңкі көңіл күй, жанкүйерлердің қошеметі, спортшылардың салтанатты шеруі шын мәнінде шағын қазақы олимпиаданың ашылуын елестетті.
Бағдарламада ұлттық спорт түрлеріне, әсіресе қазақ күресіне басымдық берілгені көңіл қуантады. Бұл – тек жарыс емес, халқымыздың рухани байлығы мен төл мәдениетін дәріптейтін маңызды алаң.
Қазақ спортының тарихында есімі алтын әріппен жазылған чемпиондардың көбі – ауылдан шыққандар. Мұндай сайыстар ауыл жастарына дұрыс бағыт таңдап, спортта және өмірде биік белестерге жетуге жол ашады”, — деді ол.
Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров та пікір білдірді.
“Жаз аяқталып, алтын күз келгенде «Ақ бидай» ойындарының өтуі де бекер емес. Кеңес дәуірінде де дәл осы мезгілде ауыл халқы спорттық шаралар арқылы бас қосатын.
Тәуелсіздік жылдарындағы дәстүр жалғасы ретінде «Ақ бидай» ойындары биыл сегізінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – төрт жылда бір рет өтетін ерекше дода.
Парламент мінберінен арнайы келіп, ашылу рәсіміне қатысып отырмын.
Бұл шара – ауыл жастарына үлкен мүмкіндік. 10 күн бойы олар 20 спорт түрінен сайысып, елге танымал чемпион атануға жол ашады.
Ертеңгі күннің чемпиондары осындай алаңдарда шыңдалады. Ауылымыз көркейіп, жастарымыз ел болашағы үшін еңбек ете берсін!”, — деп қосты ол.
Ал Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Достықұлы Таңатаров “Ақ бидай–2025” республикалық ауыл спорт ойындары – ауыл жастарына арналған үлкен мүмкіндік екенін атап өтті.
“Президентіміз бұқаралық спорттың маңызын үнемі атап өтеді. Бұл – ұлт саулығының кепілі.
Ауылдан шыққан көптеген чемпиондар бүгінде ел намысын қорғап жүр. Бұл дода – сол рухты жалғастырушы алаң.
Жүлдегерлерге спорт шебері атағының берілуі – үлкен мотивация. Барлық командаларға сәттілік тілеймін!”, — деді ол.